Жұмбақтар: Күн, Ай, Жұлдыз, Аспан
Тең,тең тең киіз, Екі ортасы кең киіз.
Бір қоян қайың тауды арқалаған, Ертерек қоян еді марқалаған. Жолында алтын гауһар толып жатыр, Еш адам ала алмайды балталаған.
Бір үйде қос сұлу қыз ағайынды, Екеуі қызықтырған талайыңды. Жүдемес төрт маусымда мұңаймаса, Тұрады нұрға малып маңдайыңды.
Су ішінде екі жайын, Бірі кетсе, бірі дайын.
Төңірегі тең көрініп, Теген жатыр төңкеріліп, Жас та сиған, кәрі сиған, Астына оның бәрі сиған.
Дүниеде бір қарбыз бар солмайтұғын , Жаз шіріп, қыста үсіп тоңбайтұғын. Жаһанның жерін,суын, жәндіктерін, Іші кең бәрін салса толмайтұғын.
Бір түкті кілем, Бірі түксіз кілем.
Түбі көк дария, Іші мұнара, Отыз шешегі.
Екі тері, Екеуі де кең тері.
Айтайын мен жұмбақ сексен сегіз, Шешуі қиын емес ескерсеңіз. Болады бірі өткір, бірі өтпес, Ақылы мұны тапқан ұшан-теңіз.
Ай далада ақ шатыр, Ақ шатырдың ішінде Қызыл көзді шал жатыр.
Жалғанда бір нәрсе бар аяқ қапты, Ұшады кешке дейін дамыл таппай.
Табан, табан, табан ақ, Табаны жалпақ қоян ақ. Күлген көзі күмістен, Келе жатыр қоян ақ.
Ар жағында орманның, Ар жағында таулардың, Алтын кеспек домалар.
Етегім толы сөк, Ерте тұрсам жоқ.
Тақиям толған сөк, Ерте тұрсам дым да жоқ.
Шым-шытыр, Шиедей қотыр.
Біз, біз, біз едік, Отыз арба қыз едік, Бір тақтайға жиналдық, Таң атқанда жоқ болдық.
Дүниеде бір алыпты көрдім күшті, Бар салмақ дүниедегі соған түсті, Құнарлы қуатынан тояттанып, Әр түрлі жер бетінде жеміс пісті.
Қызыл күлше тау асады, Ыстық нұрын шашады.
Аспанда бір айна бар, Әлемді көріп айналар.
Ұзын-ұзын сырғанақ , Ұшығына кім жетер? Асыл бесік күйкентай, Жұмыртқасын кім табар?
Ақ сандығым ашылды, Ішінен дүрлер шашылды.
Ақ сандығым ашылды, Қызарып жалын шашылды.
Жабық астында жарты күлше.
Үй астында ақ тоқым.
Көлде жүрген ақ үйрек, Түнде бар да, күндіз жоқ.
Көп моншақ ішінде бір түйір қалам.
Керегенің басында кепкен бауыр, Кесіп алса таусылмас неткен бауыр?!
Айдаһар күндіз жатып, түнде шығар, Қаһарлы қалыбына әркім құмар, Болыпты туғаннан-ақ күнмен талас, Күнді көрсе айдаһардың жүзі солар.
Күндіз әйнегі сынады, Түнде орнында тұрады.
Кішкентай нан барша ғаламға жетеді.
Жабықта жарты нан.
Қонақтап күнде келер су бетіне, Пар келмес гауһар заты келбетіне. Сәулесі су жүзінде дірілдейді, Тамаша қарап тұрсаң суретіне.
Күндіз күннен таярмын, Түнде әлемге аянмын.
Кейде орта, кейде толы бір тегене, Көрінер кейде күндіз, кейде түнде, Бетіне ақ шағыдан перде тартқан, Балалар, ойлап қара, бұл немене?
Үй үстінде ұсақ тас.
Көп моншақ үй үстіне қойдым шашып, Қарасам толып жатыр көзін ашып. Үйіме сәулеленіп түссе жарық, Кетеді әлгі моншақ бәрі қашып.
Біреуде отряд көп сан жетпейді, Күндіз олар ешкімге көрінбейді. Мізбақпай ұзақ түнде күзетте боп, Тұруға бір орында ерінбейді. © www.ZHARAR.com
Таң атқанша тары шаштым.
Бірталай тары шаштым там басына, Әуре болып толтыра алмай қамбасына, Қиыстырып өлеңмен жұмбақ қылдым, Ойлағандар мәнісін аңдасында.
Бір байдың мың қойы қоздайды екен, Біреуі біреуінен озбайды екен. Болғанмен алтын астау, күміс күндеу, Болғанша қиямет қайым тозбайды екен.
Атасы мен анасы, Миллионнан көп баласы.
Алтын бәкі, Күміс сәкі Қырық қысырақ, Бір сәуірік.
Бір емен, жеті терек, алты қайың, Бұтағы толып жатыр дайым, дайым, Ішінде шынар терек, үш қарағай, Өңгесін айта беріп не қылайын?
Туғанда алтау едім, Өле-өле жетеу болдым.
Аспанда ұшып жүрген алты торғай, Өмірбақи жүреді жерге қонбай.
Бар ма, жоқ па, анық білмейсің, О жоқ жерде өмір сүрмейсің.
Бір нәрсе жер мен көктің арасында Көрінбейді өзі түгіл қарасы да, Білінбей жер үстінде жүрсе-дағы, Пайдалы адамзаттың баласына.
Салмағың бар өлшесем, Көрінбейсің көзге сен.