Жұмбақтар: Әли Ысқабаев


Туған жердің белбеуі,
Шұбатылып қалыпты,
Керемет-ау кернеуі –
Тасты кесіп, жарыпты!


Басы доғал,
Мұрты бар,
Аузы апандай,
Ұрты бар.
Түрі китке ұқсайды,
Терең судан шықпайды.


Шуға бөлеп жағаны,
Қанаттарын қағады.
Айдын судың түлегі,
Шабақ іліп жүреді.


Төбесіне тігіп көк шатыр,
Көлеңкесінде көп тамыр,
Көгілдір болып доп жатыр.


Аласа тал,
Тамаша тал –
Самсап тұр алмасы,
Ал қызыл боп,
Қан қызыл боп
Боялғанша, алмашы!


Сулы жерді мекендеп,
Құрлықта да секеңдеп.
Шыбын-шіркей аңдиды,
Жемге қашан жетем деп.


Іші егіс,
Сырты тегіс.


Ортасында діңгегі бар,
Толып жатқан ілгегі бар.


Айтқаныңды айнытпай
Қайталайды өзіңе.
Тіл қатқанмен қаймықпай,
Көрінбейді көзіңе.


Екі тас беттесіп,
Жұтады бидайды.
Бір дәнін бірақ та,
Жеуге өзі қимайды.
Майдалап қайтадан
Адамға сыйлайды.


Бір ғана есігі бар,
Жүздеген тесігі бар.
Ішіне түскендердің
Ұсағы жол табады,
Ірісі тор қабады.


Күміспенен апталған,
Теңгеменен қапталған.


Қара жағал кішкене
Қанаты бар сүйріктей.
Оған теңдес құс кәне?
Тапшы сондай жүйрікті?


Үсті жазық,
Төрт қазық.


Көгілдір түсі бар,
Тас балқытар күші бар.


Сынаптай жылтырап,
Биіктен сырғиды.
Ән салып былдырап,
Іздейді ылдиды.


Орақ болып туады,
Табақ болып тұрады.


Мөлдіреген жүзімді
Ұстап едім, езілді.


Кең алқап ақ түске
Бейне бір малғандай,
Күзде де, тал түсте
Қар жауып қалғандай.


Дауыл дәнді ұшырып,
Шарлар жауды аспаннан.
Шекемізді ісіріп,
Қаштық үйге сасқаннан.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек