Жұмбақтар: Әдібай Табылдиев


Қара таудай буралар,
Қара бұйра шудалар
Бура жерге шөгеді:
Бұлау терін төгеді.


Самұрық құс самғады.
Көктен өтіп,
Айға жетіп,
Жеңілдеді салмағы.


Жүргіздім бұл үйімді,
Жүйткісе, жұрт сүйінді:
Бар жолмен жұртты тасып жүр,
Жылдамдыққа басып жүр.


Төбедегі сылдырмақ
Төмен түсті құлдырап.
Сылдыр-сылдыр сылдырмақ
Сынып қалды сыңғырап.


Жалы – темір,
Жолы – темір
Темір атты
Зымыраттым.


Темір сирақты
Алып жирафты
Бәрі біледі,
Үй сап береді.


Тұмсығы – қалақ,
Тұрмайды қарап:
Тау-тасты қопарады,
Бұл не деп аталады?


Көкшіл айна үйдегі
Көрсетеді киноны.


Сымға жалғанып,
Сыммен бойлайды:
Ол келсе шам жанып,
Үй іші жайнайды.


Жолдардың торабын,
Абайлап қарағын,
Әйгілеп үш сөзді,
Бір дәу тұр үш көзді.
Оған жас-кәріміз –
Бағындық бәріміз.


Еңбегі бапты,
Емгені тәтті.
Өмірлік нәрін
Гүлдерден тапты.


Ғажап көпір аспалы
Айшықтап тұр аспанды.


Бұлт емес, жел емес, –
Бұлттан бір кем емес:
Төгіп өтсе нөсерді,
Егін жайнап өседі.


Ас бөлмеде тұрағы,
Алған демі суық-ақ.
Ішін тартып тұрады
Ішек-қарны шұрылдап.


Көннен түбі, қақпағы,
Қаудырай ма, нетеді?
Екі жеңіл тоқпағы
Ербең-ербең етеді.


Қабырғасы шойыннан,
Омыртқасы шойыннан
Жылыту үшін бөлмені
Үй ішіне қойылған.


Жанды мотор сынбайды,
Күні-түні тынбайды.
Кейде оның жүрісін
Дәрігер де тыңдайды.


Бұралса болды құлағы,
Уақытты қуады.


Үй ішінде – бөлме,
Бөлме іші – көлде,
Түрлі ұсақ балық
Жүзді сайран салып.


Күндіз бар да, түнде жоқ,
Онсыз өмір мүлде жоқ.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек