Жұмбақтар: Қастек Баянбаев


Ұшында бір тамшы
Уы бар сұр қамшы.


Шыңдары шырқау
Көшіп жүр бір тау.


Бес балаға бір бешпент,
Бірге киіп,
Бір шешпек.


Қарнында бір көлдің балығы
Немесе жандының алыбы.


Оң жағымда бес сарбаз,
Сол жағымда бес сарбаз.


Сақталады алты ай жаз
Сандығымда сары аяз.


Жаздай тынығады,
Қыстай зымырайды.


Үтікке міндім,
Мұхитта жүздім.


Қармақ қолы тарамыс,
Бойы толы қара күш.


Қос ішекке қонақтаған қаланы
Қара тұлпар алға сүйреп барады.


Үрген қарын төбемде,
Қалқып келем төменге.


Мініп алып самғайтын,
Қыраным бар талмайтын.


Күндіз төбеңе шығады,
Түнде шегеге шығады.


Тоңғақты таниды,
Бет-қолын қариды.


Тозаң шашып,
Кетті қашып.


Ойы бай,
Сөзі аз,
Қанатты қағаз.


Иесі оның сәби,
Әрі төсек,
Әрі үй.


Естілгенмен құлаққа,
Көрінбейді бірақ та.


Қалпағыңа ие бол,
Алып қашып жүрер ол.


Таң ата үйге толады,
Кеш бата жоқ болады.


Бөлмемнің көзі,
Көрмейді өзі.


Қайда барсам да,
Керегін білем.
Қос тереземді көтеріп жүрем.


Көкке қараған,
Жұлдыз санаған.


Бөлмемде даланың
Самалы соғады.


Қоймам көп,
Құлпы жоқ.


Тереземе ақ моншақ ұрып жатыр,
Тиген бетте түк қалмай сынып жатыр.


Жайған жастық сөгілді,
Аппақ мамық төгілді.


Көктемде ұшып келеді,
Жаздай концерт береді.


Туа сап жүріп кеткен,
Енесін қуып жеткен.


Бұлаңдаған құйрығы –
Бір алдарлық қулығы.


Ұшып-қонып тынбайды,
Қанша соқсаң, сынбайды.
Суға салсаң, батпайды,
Түскен жерде жатпайды.


Сығырайып қарады,
Аласарып барады.


Екі жеңдей құлағы
Дыбыс сүзіп тұрады.


Асауға құрық салдым,
Тіресіп тұрып қалдым.


Ақ сарайын талқандап,
Шықты біреу талтаңдап.


Күміс кетпен шаңыраққа ілінген,
Жарқырайды төбемізде түнімен.


Өзі төрт қанатты,
Және алты аяқты.
Сөйтсе де, самолет
Моделі сияқты.


Қозыларым көгендеулі күн ұзын,
Су ішкенмен,
Шөп жемейді бір үзім.


Жалаң аяқ баланы,
Жапырағымен шағады.


Тықылдатып таңдайын
Тәулік бойы қағады.


Өз есімін жаттаған,
Өзге сабақ жақпаған.


Жем-шөптен де тартынбайды,
Сабасы да сарқылмайды.


Күн бата қонақтап қалғыған,
Таң ата жерден жем аңдыған.


Құстың атын алған,
Аңның затын алған.


Екі ауылдан шыққан аңшы жігіттер
Бір түлкіні індетуден үміткер.


Күллі адамзат мұның
Түсінеді тілін.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек