Жұмбақтар: Мұзафар Әлімбаев


Баласының саны жоқ,
Ал өзінің жаны жоқ.


Өзі – көзі,
Көзі – өзі.


Жүз төрт түйме,
Он бір ине.


Лақтырып бөркін басынан,
«Бүйірі» қызса, тасыған.


Жалғыз бағыт білері,
Бұрғаныңа көнбейді.
Жол көрсетіп береді,
Өзі бірақ көрмейді.


Ақ дуалдың ар жағында қызыл ат,
Байлауынан бір босамас қызық ат.


Тұмсығына бұйда тауып байласаң,
Қақпайлап жай айдасаң,
Сүңгіп батып, сүңгіп батып бұл мықты,
Бүтіндейді жыртықты.


Таңертең бар, кешке жоқ,
Кеш түгілі, түсте жоқ,
Мен әдемі моншақпын,
Ірі емеспін, ұсақпын.
Мойнына ешкім таға алмас,
Мендей мөлдір таба алмас.


Көп, көп ине, көп ине,
Бір сабағы жоқ ине.
Іс тікпейді, әрине.


Аязды түн мейлі,
Ақ қарда түнейді.
Тоңуды білмейді,
Моюды білмейді,
Шырқап ән айтады,
Шынығып қайтады.


Жұғысқанын жұқартады,
Өзі бірге жұқарады.
Оған тисе тура келіп,
Өткірлер де мұқалады.


Күндіз алшақ қос қатарлы тал шарбақ,
Түн ішінде көлді орай қоршалмақ.


Өзі кірден арылмас,
Ізінен кір табылмас.


Өзін көзің көрмейді,
Барлық тілде сөйлейді.
Сені «Мен!» – десең, «Мен!» – дейді,
Сен: «Кел!» – десең, келмейді.


Кең әлемді кернейді,
Көзің бірақ көрмейді.


Қаласы бар, үйі жоқ,
Өзені бар, суы жоқ.
Орманы бар, бүрі жоқ,
Бақшасы бар, гүлі жоқ.


Көк шатырда қол орақ,
Өмірі ормас ол орақ.


Үш жүз алпыс және алты құсы бар,
Кезегімен бір-бірлеп ол ұшырар.


Су ішінде өскен тау,
Су бетінде көшкен тау.


Дуалы – ағаштан,
Едені – темірден.


Табан, табан, табан ат,
Қашан көрсең, жарау ат.
Өрге салсаң, шабан ат,
Қара жерде табандап,
Омбы қарда шабады-ақ!


Төбесі аптапта,
Табаны батпақта.


Ешбір тіреусіз күмбез,
Ешбір сүйеусіз күмбез.
Ешкім көтере алмайтын күмбез,
Ешкім төңкере алмайтын күмбез.


Ине бел, қылқа мойын қара батыр,
Қара тауды арқалап бара жатыр!


Ортасында ақ көлдің
Қара көлге тап болдым.


Басы жоқ, денесі жоқ, құрсағы бар,
Ішінде құрсағының жұмсағы бар.
Жатарда ұнатады ұйқтағанды,
Кәрілер сол жұмсаққа сонша құмар.


Қағады ылғи қанатын,
Қанаты жоқ талатын.
Ұшпақ түгіл жыраққа,
Тапжылмайды бірақ та.


Таяқ жеген сайын ойнақтаған.


Арқаным бар тым ұзын,
Кесіп бірақ ала алмайсың бір үзім.


Текке жатса, екі бетін кір басар,
Диқан алса, екі беті нұр шашар.


Тау басына шөп шықты,
Шөп шыққанда көп шықты.


Жасыл қылыш,
Жаудың бірақ кесе алмас басын қылыш.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек