Жұмбақтар: Азық-түлік және тамақ түрлері мен сусындар


Алға жайып тұз-дәмін,
Келтіреді үй сәнін.
Ол халқымның ақ жаны,
Жақсы дәстүр маржаны,
Кеңпейіл де арайлы,
Осы жерден тарайды.


Күрең қызыл түсі бар,
Тағамдардың асылы,
Қуат берер күші бар.


Беттескен қос табақ,
Ортасында бас тамақ,
Қоз бен шоққа ораса,
Дәм піседі тамаша.


Ұрмай-соқпай жылатады,
Әркім бірақ ұнатады.


Өзі ащы, Бірақ,
Дәмді етер асты.


Ақ қиыршық еритін,
Ас жоқ одан жеритін.


Көлікпен түздің,
Ащы тас сүздім.


Түсі аппақ,
Тысы қатты-ақ,
Екі түрлі уызы,
Жесең тәтті-ақ.


Есігі жоқ,
Тесігі жоқ,
Ақ доптың ішінде,
Несібі көп.


Қос басы жұмыр,
Жіңішке құбыр,
Ішіне жиған,
Дәмі де шымыр.


Аппақ су — дәмі тәтті,
Ішсең сусын қандырады,
Шөлдегенде қатты.


Тері құдық қауғасын,
Тарттым да,
Қанып іштім дәмді асын.


Мал киімі ысталған,
Дәмі дәмді ұсталған.


Сұйық еді аппақ,
Бауырдай боп қатыпты,
Ішсең дәмі тәтті-ақ.


Аппақ ас, сызы бар,
Балалар қызығар.


Мұз сынды түрі,
Тәтті дәмнің бірі.


Аппақ сүйық,
Қалса ұйып,
Шөлің қанады,
Ішсең құйып.


Ең мықты дәрі,
Жұрттың бәрі.
Аусап ішер,
Бал татыр дәмі,
Ненің нәрі?


Әжем уыстап сығып,
Далада кептірген.
Қатты әрі тәтті дәмін,
Кім бар жеп көрген?


Мал төлдеп,
Әр ауыл
Пісірді ақ бауыр.


Тобатайға құртымдай,
Жаз бойы бір тынбай,
Жинаған гүл сөлін,
Не?
Білсең, айтшы өзің?


Аспан түстес сұйық,
Әркім ішер құйып.


Бір жансыздың қаны бар,
Тіл үйірген дәмі бар,
Шөлдесең іш, қанып ал.


Бір нәрсе зында деген онан да әрі,
Жауады бұршақ-бұршақ оның қары.
Сол қары көк соқта боп ерігенде,
Үміткер татайық деп жанның бәрі.


Ағарып кіреді,
Қызарып шығады.


Үсті тас, асты тас,
Ортасында піскен ас.


Үсті темір, асты темір,
Ортасын ал да кемір.


Былқ-былқ ,былқ семіз,
Қабырғасы жоқ семіз.


Бар еді бір жұмбағым егін емес,
Кісінің егейін десе ебі келмес.
Барлық ел,елаттарға тегіс бірдей,
Көтерсең ешнәрседен жеңіл емес.


Судан шығар жарқырап масаттанып,
Тіл шықса дүниені қылар жарық.
Қайтадан суға түсе ғайып болар,
Адамзат керек қылар рахаттанып.


Бір нәрсе өзі нәзік керек еді,
Қолынан жерде жатса не келеді.
Дариға ағып жатқан салса тастан,
Сонымен даражаға тең келеді.


Құрғақ жерде сақтайсың,
Онсыз тамақ таппайсың.


Алыстан қарасам аппақ,
Татып қарасам тәтті-ақ.


Аппақ қардай өңі бар,
Тамақ болар түрі бар,
Одан қашар адам жоқ,
Төрт бұрышты қыры бар.


Өзі аппақ қардай,
Шайға салсаң балдай.


Бір қазанның ішінде екі түрлі ас.


Кішкене ақ шыныда екі түрлі су.


Бір құдықтың екі алуан суы бар-ды,
Қайнатса оның суы мұз болады.


Құдайдың құдіреті көп болады,
Бір кеседе екі түрлі сүт болады.


Суға қайнап сорпасы шықпас.


Ғалымдар сөз сөйлесе ұқтырады,
Ішінде бір қалбырдың сүт тұрады.
Ол сүттің бірі жанды, бірі жансыз,
Жансыздар жаны барын жеп тұрады.


Бір нәрсе ақ пен сары, екі қабат,
Құдайым керемет берген аямай-ақ.
Ісіне құдіреттің таң қаласың,
Кетеді біраздан соң тарап-тарап.


Су көрдім реңі екеу бір қазанда ,
Қақпағын аша алмайды ешбір жан да.


Бір бөдененің ішінде екі түрлі суы бар.


Айдалада ақ сандық, ,
Аузы-мұрны жоқ сандық.


Бір үй бар әйнегі жоқ һәм есігі,
Ішінде алла берген бар несібі.
Болады бір жанды, бір жансыз,
Сандықтың табылады өз кәсібі.


Әуеден ұшқан біл дейді,
Білдің бауыры зіл дейді,
Тіріден өлі шыққан
Ақылың болса біл дейді.


Ашылмаған сандықта жыртылмаған бұл жатыр.


Ақ сандық айналадан тауып алдым,
Ішінде не бар, не жоқ таба алмадым.


Айдалада ақ отау,
Аузы-мұрны жоқ отау.
Отыз күнде сол отау,
Айдалада жоқ отау.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек