Жұмбақтар: Адам және оның дене мүшелері


Алпыс екі мәуелі шынар ағаш,
Ағашқа біткен бұтақ жалғас-жалғас.
Және де екі тесік бір мешітте,
Қаланған кірпіші бар іргесінде.
Бір әйнек шыны да емес, темір де емес,
Жасауы сынып кетсе қолдан келмес.
Жұмбағым тез ойланып тауып берші,
Сен-дағы жігіт едің өзім теңдес.


Бір “әліп” мұнарадай көзім көрген,
Екі “мәт”, екі “сәкін” оған ерген.
Болғанда “иа”ден камал, нұрдан гауһар,
Болады кім данышпан мұны білген.


Бір таудың алпыс сегіз саласы бар,
Он екі жанында қаласы бар.
Бау-бақша түрлі өсімдіктер,
Барлығын билеп тұрған анасы бар.


Ағады алпыс екі бұлақ бір қайнардан,
Он екі бұлағы бар шыр айналған.
Ісіне таң қаламын құдіреттің,
Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.


Меккеде бір ағаш бар түбі жуан,
Он екі ұл, алпыс екі қызы бір күні туған.


Бір қария жерде де емес, көкте де емес,
Болғанда түбі терең, аузы кемеш.
Ішіне ит түссе де арам емес.


Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Бұзылса оны адам түзер емес.
Кезінде өзі ашылып, жабылады,
Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.


Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,
Бұзылса оны адам түзер емес.
Кезінде өзі ашылып, жабылады,
Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.


Әрі жүрер қараша ат,
Бері жүрер қараша ат.
Су бойында тұнық су,
Таңдап ішер қараша ат.


Жар қабақта екі бастау,
Жапсар тастың астында
Жасыл ала құс жатыр.


Кішкене ғана тостаған
Жер дүниені бастаған.


Көріп едім бір үлкен дарияны,
Барша қыз мекен етіп жатыр оны.
Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар,
Жарықтық жеті сарбас балалары.


Кіп-кішкене қараша,
Тұрған жері тамаша.
Бір секундта жер-көкті
Алады шарлап қараса.


Кішкене ғана бетерім,
Жер түбіне жетерім.


Құстан ұшқыр, тездігі оқтан бетер,
Бес жүз жылқы аспанға оқтай жетер.
Ақылменен ойланып қарасаңыз,
Жылдамдыққа нәрсе жоқ онан өтер.


Бір тауда жанады екі шырақ,
Бір жанады, бір өшеді.


Ала арқаным жетпес жер жоқ.


Кішкентай бір мақұлық торы ала,
Ағаштан атрапына соққан қала.
Ішінде сол қаланың өмірі өтер,
Сабыр қып сахараға шықпас жана,
Жаралған өзі ғана артық болып,
Болжайды әр нәрсені айтып шама.


Екі бала қатар тұрса да,
Бірін-бірі көрмейді.


Екі ағайынды,
Екеуі де бір үйде,
Бірін-бірі көрмейді.


Көреді бәрін өзгенің,
Көрмейді бірақ өздерін.


Ала тайынша шаң көтермейді.


Ағайынды екеу болыпты,
Екеуі тату жүріпті.
Ортасында тау болып,
Бірін бірі көрмепті,
Екеуінің міндеті орындайтын бір бопты.


Көрші отырған көршілер
Бірін бірі көрмейді.
Қара түнек қос үңгір
Діңгегі асу бермейді.


Қара суда суат жоқ,
Қалың талда бұтақ жоқ.


Сырты қылшық,
Іші былшық.


Ары жүгір қаратай,
Бері жүгір қаратай.
Тал түбіне барғанда,
Тайып жығыл қаратай.


Бір көлде екі түрлі сүт бар.


Таудан тас құлады.


Таудан тары домалайды,
Оны он екі қаз қуалайды.


Бір таудың екі күзетшісі,
Екі тыңшысы, отыз екі бөрісі бар.


Қабақта қара бурам шөгіп жатыр,
Етектеп құмалағын төгіп жатыр.


Тұнық суға ши ұстадым.


Екі жар бірін бірі шамалаған,
Тал шығып, жағасына сабалаған.


Сәуле астында жүз кісі.


Алпыс кісі аяқтасты,
Ертеменен таяқтасты.


Күндіз шайқасады,
Түнде айқасады.


Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,
Адамның ол нәрсесіз күні болмас.
Жіберсе қарап қалар жердің бәрі,
Кішкене болса-дағы кемдік қылмас.


Дарияның інжу-маржан шеттерінде,
Не кітап, оқу жоқ беттерінде.
Қайын ба, қарағай ма, яки тал ма,
Тармасқан тоғай таудың бөктерінде.


Бір тобықта жеті жыртық.


Беткейде бес есік.


Ағады тау басынан сегіз бұлақ,
Төртеуі ащы, үшеуі тәтті тым-ақ.
Ащы да емес, төртеуі күшті де емес,
Екі жапырақ өспейді тіпті бірақ.


Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,
Адамның ол нәрсесіз күні болмас.
Жіберсе қарап қалар жердің бәрі,
Кішкене болса-дағы кемдік қылмас.


Бір сарай, бір миыммен тазаланған,
Екі серік бір досы бар қасына алған.
Болғанда еден гауһар, желден самал,
Жер жүзі сайран болған жалғыз талмен.


Абайлап жүргін алдында,
Аңқайған ұра тұрыпты.
Ол ұраның ішінде,
Гауһардан қора тұрыпты.
Ол қораның ішінде
Ақылды дана тұрыпты.
Ол дананың түбінде,
Білімді бала тұрыпты.
Асты менен үстінде
Балаға пана тұрыпты.
Барлығына пана болып,
Ата менен ана болып,
Қаулаған сора тұрыпты.


Бір ұраның аузында
Бір бау сора.


Бір төбеде үш бастау,
Біреуінің суы - тәтті,
Біреуінің суы - ащы,
Біреуінің суы - сор.


Айтайын мен бір жұмбақ ая батыр,
Болғанда асты гауһар, үсті шатыр.
Қазандай қара тастың сол түбінде,
Бір түрлі адам таппас заһар жатыр.


Бір отаудың ішінде отыз бөрі,
Бар жалғыз қызметкері өте епті.
Он жігіт алып барып тастағанда,
Отаудың бүлкілдейді екі жері.


Мен жұмбақ айтайын табасын ба,
Айналып ақ қаланы шабасын ба?




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек