Жұмбақтар: Киім-кешек


Бір нәрсе өзі түкті шұбар ала,
Сипаты бек асып тұр көрсең жаңа.
Ішінде шығар жері қиын екен,
Егер де қолға түссе болар пана.


Бір нәрсе менен биік,
Кейде менен аласа.
Мұндай қызық дүниеде,
Көріп пе едің тамаша.


Атамдікі - шошақ,
Апамдікі - жалпақ.


Төрттен қосқан басы бар,
Маңдайында шашы бар.
Өзің көрген баяғы,
Салпылдайды сабағы.


Дөп-дөңгелек басы бар,
Маңдайында шашы бар.
Өзің көрген баяғы,
Сапылдайды сабағы.


Ашамайды арта салдым,
Айыл жібін тарта салдым.


Жансызға бітеді екен құйрық қанат,
Адамнан қалмаймын деп етер талап,
Ішінде қанатының екі жіп бар,
Не нәрсе бұл айтқаным, тезірек тап.


Үшеуі салпы,
Бірі таңқы.


Алды ұзын, арты қысқа,
Беттері өзіне сай әрбір тұста,
Суықта да, жылыда да пана болар,
Таппасаң басыңдағыны қолыңа ұста.


Басы жоқ, құсқа біткен екі қанат,
Адамнан қалмаймын деп қылдым талап.
Ішінде қанатының екі жіп бар,
Не нәрсе бұл айтқаным, тезірек тап.


Керегесі тыртық, уығы қысқа,
Керек болған үй екен біздің тұсқа.
Отарға мал айдасам, жолға шықсам,
Үйімді тігіп жүрем жазда, қыста.


Шылдыр-шылдыр жүгенім,
Сұлу қара құнаным.
Көлеңкесі көсіктей,
Ауырлығы асықтай.


Сылдыр-сылдыр кісенім,
Сылдырлайды кісенім,
Құлағында құлпы жоқ,
Құдіретті кісенім.


Сұлу-сұлу құнаным,
Сылдырлаған жүгенім,
Аяз күнде мінбеген,
Аяғы жерге тимеген.


Құйын, құйындікі түйін.


Биік таудың басында қара лашық,
Түңлік жабық болғанмен есік ашық,
Қайда жүрсең қажетің соған түсіп,
Құтылмассың керексіз деп одан қашып.


Бір жануар бар екен өзі сұсты,
Себеппен ортасында сызық түсті.
Бір жігітті тұрады буындырып,
Дүниеде көрмедім ондай күшті.


Жайсам - жамшыдай,
Жапсам - қамшыдай.


Күрке ғой көрсең алыстан,
Астында адам қорғалар.
Ұстасаң бір тал қамыстан,
Төбеден суы сорғалар.


Бір нәрсе, биік іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқұш-ұйқыш,
Көзі бар жарқыраған төбесінде,
Жайса үлкен, жинағанда бір-ақ уыс.


Япырмай, отау көрдім есігі жоқ,
Өзінің күн түсетін тесігі жоқ.
Көтерген шаңырақты жалғыз бақан,
Уығының байлауы бар, шешуі жоқ.


Талтаймашқа мен талтайдым,
Талтаймаш маған талтайды.


Таңертең тұрдым,
Айырыма міндім.


Күндіз толады,
Түнде солады.


Азанда тұрдым,
Екі сайды қудым.


Ерте тұрдым,
Екі айыр жолға түстім.


Тұла бойы тыста,
Екі қолы іште.


Қара үй,
Қара үйдің ішінде ақ үй,
Ақ үйдің ішінде бес бала,
Бесеуінің қолында бес айна.


Барады, барады,
Аузын ашып қалады.


Аузы аңқайып қалады,
Босағада тұрады.


Сырты қара, іші қызыл,
Сұғып алсаң жып-жылы.


Ерте тұрдым, керек қылдым,
Қажетімді өтеп алып,
Босағаға тастадым.


Он екі тесігі бар жалғыз тілі,
Жып-жылтыр, сыртында жоқ тіпті міні.
Көтерер адамзатты қиналмай-ақ,
Жоқ екен күштілікке ешбір кемі.
Сап алар аузын буып қапшығына,
Өзінде дайын екен арқан жібі.


Ағайынды төрт кісі,
Бір қалпақты киеді,
Төрт кісіні төрт жерден
Төрт ғашығы сүйеді.


Күні бойы сен оны
Екі аяқтап аласың.
Жатар кезде өзіңнен
Аулақтатып қашасың.


Қалада бір нәрсе бар, он сайы бар,
Жігітке пайда болар бір жайы бар.


Бес ін,
Бес іннің аузы бір ін.


Көсеуді бесеуге сұқтым.


Дөңгелек айналасы, төртеу көзі,
Сөйлейтін ешбір хабар жоқ-ты сөзі.
Нәрсені қашық тұрған жақындатып,
Жібермей ұстап тұрар мықтап өзі.


Жырығыңа жұмалағым.


Жүнсіз қолым жүнді жеңге кірді.


Не нәрсе жұдырықтай дөп-дөңгелек,
Ішінде бөлмесі бар бөлек-бөлек.
Бөлмесіне көп түлік еркін сияр,
Қабаттап айдап тықсаң ептеңкіреп.


Бір нәрсе қолға жұмсақ былқылдайды,
Аузында екі тісі жылтылдайды.
Салуға өзге нәрсе бұйрығы жоқ,
Арнап салған нәрсеге жыртылмайды.


Кірт етіп кіріп кетті,
Сырт етіп шығып кетті.


Өздігінен бата алмас,
Адам өмірімен қатарлас.
Ол болмаса пендеңіз,
Тіршілік өмір жасамас.


Артында құйрығы бар,
Төреден бұйрығы бар.


Адамның сәні,
Онсыз жоқ мәні.


Дорбаға тығып, бас бағын,
Байлай салдым қос жағын.


Қыста,
Шығарда тысқа,
Құлағы салпақ,
Құйрығы жалпақ.
Төбесі жайпақ,
Түкті маңдайы тайпақ,
Іші мамық, байпақ.
Қара орманды қаптадым,
Сөйтіп жан сақтадым.


Ортасы күмбез.
Іргесі тегіс-ті.
Күннен қорғайды,
Шындағы егісті.




Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек