Физика сабағын оқытуда электрондық оқулықтың ролі
Пән: Физика
Физика сабағын оқытуда электрондық оқулықтың ролі Асыл Орынбасарова №177 орта мектебінің мұғалімі «Ауызша айтсаң – тез ұқтым, Көрсетсең – есте сақтаймын, Іске кіріссең – үйренем.» (қытай мақалы) Білім – теңіз, оның тереңіне бойлай алатын тек жетік білім меңгерген, тереңнің сырын ұғатын, құпиясын аша алатын адамдар ғана, ал мұндай адамдарды мұғалімдер ғана тәрбиелеп, дайындайды. Білім беру сапасы, бірінші кезекте, сапалы даярлығы бар оқытушылармен айқындалады.Оқытушы білімді оқушы санасына сабақ арқылы жеткізеді. Ал сабақ сапасын арттыру – барлық мұғалімдерді толғандыратын маңызды мәселе. Күнделікті бірыңғай өтетін сабақтар оқушыларды жалықтырып, білімге ынтасын төмендетері сөзсіз. Осы уақытқа дейінгі білім беру саласындағы тек мұғалімнің айтқандары немесе жай оқулықты пайдалану қазіргі заман талабын қанағаттандырмайды. Сондықтан қазіргі ақпараттандыру қоғамында сабаққа электрондық оқулықтарды пайдаланудың ролі зор екендігін айтым келеді. Физиканы оқыту оқушыға белгілі бір білім қорын берумен қатар оқулықтар мен оқытудың жаңа формаларының көмегімен оның ізденушілік, зерттеушілік, өз беттерінше жұмыс жасау дағдыларын да қалыптастыруды көздейді. Электрондық оқулықпен оқытудың негізгі мақсаты: Оқыту үрдісін үздіксіз және толық деңгейде бақылау, сонымен қатар ақпараттық ізденіс қабілетін дамыту болып табылады. Электрондық оқулық дегеніміз – ақпаратты бейнелеудің әртүрлі формалары арқылы компьютерлік дискіден оқылатын және дискiде сақталатын, білім беретін электронды тасымалдығыштағы дидактикалық, әдістемелік және интерактивтік бағдарламалық жабдықтау деп айтуға болады . Оқу үдерісін интенсивтендіру мақсатында, оның тиімділігі мен сапасын жоғарылатуда электрондық оқулықтарды қолдану қажеттілігі артуда. Электрондық оқулық компьютерлік оқыту жүйесінің бір түрі бола отырып, қойылған мүмкіндіктерге сәйкес әр түрлі үлгіде беріле алады. Электрондық оқулықты автоматтандырылған оқыту жүйелерінің қатарына жатқызуға болады. Электрондық оқыту, негізінен, үш бөліктен құрастырылады: негізгі ақпараттық курс бөлімінен тұратын презентациялық бөлім, алған білімдері бойынша бекітілген жаттығулар, оқушының білімін көлемді түрде бағалау үшін тесттер. Компьютерлік оқыту негізгі оқулықты, анықтаманы, зертханалық жұмыстарды бір- бірімен байланыстырады. Электрондық оқулықтың тиімді жақтары: 1. Оқушының уақытын үнемдейді, оқу материалын іздеп отырмайды; 2. Оқушы оқулықты қажет етпей-ақ информатика негіздерінен кез келген мәліметті алып, оқып үйренуіне болады ; 3. Тақырыптың үлкен, қиын бөліктерін өткенде қосымша бейнехабар, аудиохабарларды пайдаланады; 4. Бағдарламаны меңгеруге арналған тест сұрақтармен қамтамасыз етілген; 5. Көрнекілік құралдарға деген мұқтаждықты азайтады; 6. Мүғалімнің әр оқушымен дербес жеке жұмыс жүргізуіне мүмкіндік туғызады, дүниетанымын кеңейтуге, тану үрдісіне ықпал етеді; 7. Зерттеушілік қабілеті бар тұлға қалыптасады. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегисында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек»-деп көрсетті. Олай болса, осыған қарап ХХІ ғасырда мұғалімге қойылатын талаптардың зор екенін көреміз. «Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» білімді өз бетімен ала алатын және оны өмірдің түрлі жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ететін оқытудың жаңарған технологияларына көшу талабын қойып отыр. Олай болса, электронды оқулық – бұл дидактикалық әдiс-тәсiлдер мен ақпараттық технологияны қолдануға негiзделген түбегейлi жүйе.. Электронды оқулықтарды физика сабақтарында пайдаланудың артықшылықтары: 1. Дәстүрлі және электронды оқыту кіріктіру арқылы жүргізіледі; 2. Кері байланысты іс жүзінде тез арада қамтамасыз етеді; 3. Жай оқулықтағы кездеспейтін қосымша материалдарды электрондық оқулықтардан қысқа уақытта табуға болады; Сонымен бірге жай оқулықтағы суретпен берілген кейбір тәжірибелерді оқушылардың көзбен көруіне жақсы мүмкіндік бар. Мысалы, 7-сынып оқулығындағы «Энергия» тақырыбындағы 155-сурет, 156-суреттегі тәжірибелер, 8-сынып оқулығындағы «Магнит өрісі» тақырыбына берілген тесттік тапсырмалар,9-сынып бойынша «Атом құрыысына» берілген төжірибелер өте жақсы деңгейде көрсетілген , әрине, тағы да басқа көптеген сабақтарды айтуға болады. Электронды оқулықтың физика сабағын оқытуға берер мүмкіндіктері: • ойлау қабілетінің дамуы (мысалы, байқампаздық-әрекеттік, байқампаздық- бейнелік, шығармашылық, теориялық); • эстетикалық тәрбие алуы (мысалы, мультимедиа технологиясының, компьютерлік графиканың мүмкіндіктерін қолдану есебінен); • қарым-қатынас қабілеттерін дамыту; • күрделі жағдайда шешімдер ұсыну немесе қолайлы шешім қабылдай білуді қалыптастыру; • физикалық тәжірибелік - зерттеу жұмыстарында іскерліктің дамуы; • ақпараттық мәдениет пен ақпараттық жетістіктерді қалыптастыру. Қорыта айтқанда, электрондық оқулық мектеп оқушыларының өз бетімен ізденісіне, пәнге деген қызығушылығының артуына, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға, тұлғалық дамуына, ерекше қолайлы жағдай туғызып отырандығын көруге болады Өзіміз оқытатын балаға сүіспеншілікпен қарап, жеке тұлға ретінде санасып, ізденімпаздықпен сабақты қызықтырып, жандандырып оқытсақ, жемісіміз де мол болады. Елбасымыз атап көрсеткендей «Тәрбие ұлттық деңгейде, білім әлемдік деңгейде болуы керек». Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 2. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы 3. Дәстүрлі және электрондық оқытуды кіріктіру. Қазақстан мектебі, №7,8 2006жыл. Қызылорда облысы,Арал ауданы,Сексеуіл кенті.