Мақал-мәтелдер: Абайдың таңдамалы даналық сөздері
Адал жүріп, адал тұр.
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.
Адам баласына адам баласының бәрі — дос.
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек — дұрыс іс.
Адам баласының ең жаманы — талапсыз.
Адамзат — бүгін адам, ертең — топырақ.
Адамшылықтың алды — махаббат, ғаделет.
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы — қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.
Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.
Ақырын жүріп, анық бас.
Асығыс түбі – өкініш.
Әрбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді, күншілік күншілікті қозғайды.
Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен.
Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады.
Әрбір қайратсыз қорқақ мақтанғыш келеді.
Әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді.
Әрбір ақылсыз надан арсыз келеді.
Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Бақпен асқан патшадан Мимен асқан қара артық.
Балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа[1] да қиянатбірлән болады. Бұл қиянатшылар — жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман.
Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!
Білімсіздік хайуандық болады.
[Біреу] жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол — надан, ләкин надан да болса адам.
[Біреу] өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес.
[Біреу] өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол — наданның наданы ләкин өзі адам емес.
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ — ол өзі де бір антұрғандық.
Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс.
Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!
Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек.
Ғылым таппай мақтанба.
Ғалымнан надан артпас ұққанменен.
Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.
Досыңа достық — қарыз іс.
Дұшпаныңа әділ бол.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас.
Еңбек қылсаң, қара жер де береді.
Еңбексіз мал дәметпек — қайыршылық.
Ер ісі — ақылға ермек, бойды жеңбек.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен.
Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен.
Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады.
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар:▫әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; ▫екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; ▫үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: ▫төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.
Жақсылық ұзақ тұрмайды.
Жамандық әр кез тозбайды.