Мақал-мәтелдер: Туған жер - Отан, ел-жұрт


Көп түкірсе, көл болар.

Көп күлкісі күннен де ыстық.

Халық қаһары қамал бұзар.

Жер шежіресі – ел шежіресі.

Халық – дана.

Көппен көрген – ұлы той.

Отан үшін күрес – ерге тиген үлес.

Ел іші – алтын бесік.

Отан оттан да ыстық.

Отан – елдің анасы,
Ел – ердің анасы.

Ит – тойған жеріне,
Ер – туған жеріне.

Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол.

Бақа көлін сүйеді,
Бұлдырық шөлін сүйеді,
Ер жігіт елін сүйеді.

Опасызда отан жоқ.

Өз елім –өлең төсегім.

Отансыз адам –
Ормансыз бұлбұл.

Құлан қағын қорғайды,
Киік лағын қорғайды.

Кісі елінде күркірегенше
Өз еліңде дүркіре.

Мал қонысын іздейді,
Ер жігіт туысын іздейді.

Есі бүтін елден шықпайды.
Елінің қырын жықпайды.

Аққу көлін аңсайды,
Адам туған жерін аңсайды.

Ер жігіт елінің ұлы,
Намысының құлы.

Ел-елдің бәрі жақсы,
Өз елің бәрінен жақсы.

Отан үшін күрес –
Ерге тиген үлес.

Іргесі берік елді
Жау ала алмас,
Ауызы бір елді
Дау ала алмас.

Сұңқар қиясын сағынады.
Торғай ұясын сағынады.

Туған үйдің түтіні жылы,
Туған ананың күтімі жылы.

Ұлтарақтай болса да
Ата қонысы жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да
Туып өскен ел қымбат.

Жат елдің жақсысы болғанша,
Өз еліңнің сақшысы бол.

Отанға опасыздық еткенің,
Өз түбіңе өзің жеткенің.

Туған жердің торғайы да сүйкімді.
Отансыздың оты жанбайды.

Отанға опасыздық еткенің
Өмірден қаралы боп өткенің.

Отанын сүйген отқа жанбайды,
Суға батпайды.

Туған жердің торғайы
Тұрымтайдай көрінер.
Құлыны тайдай көрінер,
Қыздары айдай көрінер.

Ата қоныс – алтын мекен.

Туған жердің жуасы да тәтті.

Отанды сүю –
От басынан басталады.

Ер жігіт: «Өскен елім, – дейді, –
Кіндік кескен жерім», – дейді.

Туған елің болмаса,
Тумай-ақ қойсын күн мен ай.

Есі бар жігіт елін табар,
Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.

Жат жердің қаршығасынан
Өз жеріңнің қарғасы артық.

Тұлпар тегін табар,
Ер жігіт елін табар.

Адам елінде
Қоға көлінде көгерер.

Бақыр қазан қайнаса –
Бәріміздің бағымыз.
Туған жердің әр тасы
Біздің алтын тағымыз.

Өз інінде көртышқан да батыр.

Мал екеш мал да
От жеп, су ішкен жеріне тартады.

Жат жерде жаның қиналса
Ел кәдірін білерсің,
Жұтым суға зар болсаң
Көл кәдірін білерсің.

Адам отанын іздейді,
Қой қотанын іздейді.

Әркімнің өз жері – ұжмақ.

Арша өскен жерінде
Азамат өскен елінде.



Көмек
Арайлым

Біз міндетті түрде жауап береміз!

Жіберу

Рахмет!
Хабарлама жіберілді.

Сіз үшін аптасына 5 күн жұмыс істейміз.
Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00

Email:

Phone: 777 614 50 20
Жабу
Көмек